Аңдатпа
Азаматтық сот ісін жүргізудің аса маңызды әрі көлемді бөлігін азаматтық істерді сот талқылауына дайындау құрайды. Дәл осы кезеңде сот пен процеске қатысушылар дәлелдемелік материалды қалыптастыру мақсатында әртүрлі және көптеген дайындық іс-әрекеттерін жүзеге асырады. Осындай дайындық әрекеттерінің ішінде сараптама тағайындау ерекше орын алады, өйткені ол іс мән-жайлары мен ұсынылған дәлелдемелерден сарапшының қорытындысы қажет болатын барлық жағдайларда жүргізіледі. Осыған байланысты істі сот талқылауына дайындау сатысының бірқатар мәселелеріне, істі дайындау сатысының құрамдас бөлігі болып табылатын дайындық отырысына, сондай-ақ азаматтық процестің осы сатысында сараптама тағайындаудың жекелеген мәселелеріне тоқталу қажеттілігі туындайды.