Қазақстан Республикасындағы платформалық жұмыспен қамтуды құқықтық реттеу: еңбек қатынастарын саралау және цифрлық платформалардың жауапкершілігі
DOI:
https://doi.org/10.62687/VLJ.1.1.2025.12Кілт сөздер:
платформалық жұмыспен қамту, цифрлық платформалар, такси агрегаторлары, гиг-экономика, еңбек қатынастары, азаматтық-құқықтық жауапкершілік, сот практикасы, тұтынушылардың құқықтарын қорғауАңдатпа
Мақалада цифрлық технологиялар мен платформалық экономиканың дамуы жағдайында Қазақстан Республикасындағы платформалық жұмыспен қамтудың құқықтық ерекшеліктері қарастырылады. Цифрландыру дәстүрлі жұмыспен қамту үлгілерін өзгертіп, платформалар мен орындаушылар арасындағы жаңа өзара іс-қимыл нысандарын қалыптастыратыны, соның салдарынан қызметкерлердің құқықтық мәртебесі мен жауапкершіліктің бөлінуі мәселелері бойынша құқықтық айқынсыздық туындайтыны көрсетіледі. Салыстырмалы-құқықтық талдау негізінде цифрлық платформаларды реттеудің шетелдік тәсілдері, соның ішінде Еуропалық одақ, АҚШ және бірқатар еуропалық мемлекеттердің тәжірибесі зерделенеді. Такси агрегаторларының қызметіне және «такси агрегаторы» ұғымының нормативтік тұрғыда айқындалмауына ерекше назар аударылады, өйткені бұл компанияларға өзін делдал ретінде көрсетуге және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті төмендетуге мүмкіндік береді. «Гиг-экономикада» қатынастардың еңбек сипатын нақты мән-жайлар бойынша танитын сот тәжірибесі және Қазақстандағы Оспан А.А. – «Glovo Kazakhstan» ЖШС ісі бойынша қабылданған ұстаным талданып, тараптар арасындағы қатынастардың шынайы мазмұнын ескерудің маңыздылығы негізделеді. Қазақстан заңнамасын жетілдіру, жұмыскерлер мен тұтынушыларды қорғау деңгейін арттыру, сондай-ақ қызмет көрсетушілердің әрекеттері үшін платформалардың жауапкершілігін күшейту қажеттігі туралы қорытынды жасалады.