Аңдатпа
Мақалада Қазақстан Республикасындағы электронды сотқа дейінгі іс жүргізу жағдайында өтініштер беру құқығын іске асыру мәселесі зерттеледі. Талдау нысаны ретінде Қылмыстық процестің қатысушыларының арыздарды, өтінішхаттарды және шағымдарды беруінің цифрлық нысаны болып табылатын Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінің жария секторы (бұдан әрі – СДТБТ ЖС) қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – СДТБТ ЖС-ның процестік маңызын айқындау және оның рөлі құжатты техникалық түрде жеткізумен шектелмей, өтініш беру құқығын іске асыру тетігінің өзгеруінен көрінетінін негіздеу. Жұмыста Қазақстан Республикасы ҚПК-нің ережелері, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының заңға тәуелді актілері, сондай-ақ қылмыстық процесті цифрландыруға және процестік өтініштер институтына арналған ғылыми еңбектер пайдаланылды. Зерттеу нәтижесінде СДТБТ ЖС жаңа субъективтік құқық тудырмайтыны, керісінше, заңмен бекітілген өтініштер беру құқығын іске асырудың цифрлық нысанын қамтамасыз ететіні анықталды. СДТБТ ЖС-ның маңызы өтініштің тіркелуін, көрнекілігін, бақылануын күшейтуде және оның электрондық қылмыстық іспен байланыстылығында көрінетіні туралы қорытынды жасалды. Сонымен қатар, бұл модельдің тиімділігі цифрлық инфрақұрылымның қолжетімділігіне, құпиялылықтың сақталуына және өтініштің мәні бойынша нақты қаралуына тәуелді екені көрсетілді.