Аңдатпа
Жасанды интеллектті енгізу, цифрлық технологиялардың дамуы және үлкен деректерді жүйелі талдау дербес деректерді қорғау мәселелерінің өзектілігін арттырып, осы саладағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуді жетілдіру қажеттілігін туындатып отыр. Осы зерттеу аясында дербес деректерді қорғау туралы заңнаманы қолданудың проблемалық мәселелері мен оның халықаралық құқық талаптарына сәйкестігіне талдау жүргізілді.
Зерттеудің негізгі мақсаты азаматтардың конституциялық құқықтары мен олардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқығын толыққанды іске асыруға кедергі келтіретін қайшылықтар мен олқылықтарды анықтау, сондай-ақ осы саладағы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
Қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін келесі міндеттер айқындалды:
– отандық және шетелдік тәжірибеге салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізу;
– деректерді автоматтандырылған өңдеуді, биометриялық деректерді пайдалануды және дербес деректерді трансшекаралық беруді құқықтық реттеу мәселелерін зерттеу.
Жүргізілген зерттеу қолданыстағы заңнаманың азаматтардың құқықтарын қорғауды толық көлемде қамтамасыз етпейтінін және қазіргі заманғы цифрлық технологиялардың сын-қатерлеріне толық жауап бермейтінін көрсетті. Атап айтқанда, дербес деректерді қорғауға әсерді бағалау тетіктерінің (DPIA) жоқтығы, биометриялық және мінез-құлықтық деректерді өңдеу мәселелерінің жеткілікті деңгейде реттелмегені анықталды. Бұл жағдайлар оларды іске асыру тетіктерімен қамтамасыз етілмеген сілтемелік нормалардың болуына, сондай-ақ аталған саладағы қолданыстағы заңнамадағы олқылықтарға байланысты.
Зерттеу қорытындысында дербес деректерді қорғау жүйесін жетілдіру үшін тәуекелге бағдарланған кешенді құқықтық реттеу моделін қалыптастыру қажеттігі туралы тұжырым жасалды. Негізгі бағыттар ретінде дербес деректерді қорғауға әсерді бағалау рәсімін (DPIA) енгізу, деректерді трансшекаралық берудің бірыңғай қағидаларын белгілеу, сондай-ақ дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның институционалдық рөлін күшейту ұсынылады.