Аңдатпа
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының қазақ тіліндегі мәтінінің сапасы мәселесі қоғам, бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, үнемі құқық және тіл салалары бойынша түрлі зерттеулер жүргізетін ғылыми қауымдастықтың назарында болуы заңды құбылыс. Түрлі объективті және субъективті себептерге байланысты аударма сипатында қалып отырған қазақ тіліндегі заңнама мәселесі жақын арада күн тәртібінен түспейтіні анық. Мемлекеттік тәуелсіздіктің түрлі кезеңдері мен жылдарында қабылданған нормативтік құқықтық актілерде орын алып отырған тілдік және құқықтық қателер туралы аз жазылып жатқан жоқ. Осындай жағдайды түзетуге қоғам да үлкен мүдделілік танытуда. Бірақ соған қарамастан, оның уәкілетті құрылымдар тарапынан қолдау таппай отырғаны да баршаға белгілі. Оның ішінде тіл саясаты, саяси ерік, тілге деген жанашырлық, сапалы нормалар шығару, әділеттік орнату сияқты бағыттармен қатар, қазақ тілінде норма шығарудың теориялық, филологиялық негіздердің әлсіздігі, құқық пен тілді бірдей меңгерген мамандардың тапшылығы сияқты факторлар да бар. Сондықтан қолданыстағы заңнама сапасын жақсарта алатын саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және т.с.с. іс-шаралардың қатарына қолданыстағы заңнамаға құқықтық-лингвистикалық мониторинг жүргізуді де қосу қажет. Осыған байланысты мақаланың мақсаты қолданыстағы заңнамада орын алып отырған кемшіліктерді түзетуде оқу процесінде қолдануға толық мүмкіндігі бар құқықтық-лингвистикалық мониторинг жүргізудің әлеуетін қолдану мәселесін қарастыру болып табылады. Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін оқу процесінде білім алушылармен бірге қолданыстағы заңнамада жіберілген қателерді анықтау, талдау және оларды түзетуді күн тәртібіне қою мәселелері қарастырылды.